Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, «Қазақтелеком» АҚ серіктестігімен және Қазақстан Киберспорт федерациясының ұйымдастыруымен халықаралық «Atyrau CyberCup 2025» киберспорт турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараның ашылуында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Жарысқа қатысатын әрбір топ мүшесіне сәттілік тілеймін. Бұған дейін осындай ірі турнир көршілес Ресейдің Татарстан өңірінде өтсе, келер жылы елімізде Астана қаласында өтеді деп жоспарлануда. Бүгінгі іс-шара өңір жастары үшін үлкен мотивация. Киберспорт — тек ойын ғана емес, ол логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және командалық жұмысты дамыту құралы. Осындай жарыстар жастардың IT саласына қызығушылығын арттырып, цифрлық бағыттағы жаңа буынды қалыптастыруға ықпал етеді. Бүгінгі турнир соның айқын дәлелі», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Биылғы турнирге «Counter-Strike» және «Dota 2» ойын түрлерінен барлығы 167 команда қатысуда. Ал финалдық кезеңге төрт үздік топ жолдама алады.
Ойындар 5×5 форматында өтуде. Бұған дейін турнирдің онлайн кезеңінде «PUBG Mobile» ойыны бойынша финалдық бәсеке ұйымдастырылған болатын.
Қазақстан Киберспорт федерациясының спорттық менеджері Бейбарыс Серіковтың айтуынша, жарысқа Орталық Азия елдерінен — Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстаннан ойыншылар қатысуда.
«Бүгінгі финалда «Counter-Strike» және «Dota 2» бойынша Қырғызстаннан бір және Қазақстаннан үш команда бақ сынайды. Жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрап, ол үш номинация бойынша үлестіріледі», — деді ол.
Айта кетейік, жалпы турнирге 1300-ден аса ойыншы қатысып отыр.