Ұрпақ тәрбиесі бірқатар қиыншылықтарға тап болып отырған қазіргі кезде діни тәрбиенің маңыздылығын атап өткім келеді. Себебі дін тақырыбы қоғамымызда күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Дін арқылы елді біріктіруге және бұзуға да болады. Қазіргі таңда біріктіруден гөрі бұзу жағы көп көрініс тауып жатқан сияқты. Онымен қоса діни экстремизм, діни терроризм деген атаулар жиі аталуда. Жалпы дін сөзінен кейін экстремизм, терроризм деген тіркестер қосу ақылға сиымсыз нәрселер. Өйткені дін – адамға адам болуды, ұлттарға бірлік пен тұтастықта өмір сүруді үйретеді, жауапкершілік түснігін, құлшылық білімін және мінез құлықты қалыптастырады. Дін – отбасы, мемлекет және қоғам құрылымын мықты негіздермен қамтамасыз етеді. Дін жеке адам мен қоғам үшін қажет.
Қазақстан 130 – дан астам ұлыстарды, түрлі сенім өкілдерін біріктіріп отыр. Жалпы алғанда көп дінділіктен жеке дара адамдарды былай қойғанда белгелі ұлттар мен ұлыстардың зардап шегіп, мемлекеттердің ыдырап, жойылғандары әлемдік тарихтан белгілі. Қазақстан мұндай жағдайлардың өз жерінде болмауын қамтамасыз етуге бар күшін салады деп ойлаймын. Өйткені президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Біздің көп ұлтты көп конфессиялы қоғамымызда конфессиялық экстремизмнің төбе көрсету мүмкіндігіне үстірт қарауға тіпті де болмайды, олай ету мейлінше қауіпті», - деп ескертті. Елбасымыздың негізігі саясаты әлем діндерінің бейбіт өмір сүруі, олардың келісімі. Қазақ жері діни алауыздықты емес, керсінше тек қана бейбітшілікке, татулыққа, бірлікке, тыныштыққа шақыратын діндерді ғана қолдайды. Ал Қазақстанда қаптап жүрген түрлі дін атын жамылғандар ел шырқын бұзуда.
Жалпы террорлық ұйымдардың пайда болуына мынандай жағдайлар әсер етеді: экономикалық жағдайдың төмен болуы, қоғамдағы әлеуметтік және саяси проблемалар, мәдени деградация. 25 жыл ішінде еңсемізід түзеп, тереземіз теңеліп, әл ауқытымыз жөнделіп, әлемдік деңгейде атымыз шығып, дәстүрлі діндердің басын қосып, түрлі жетістіктерімізбен әлемге танылып жатқан тұста Ақтөбе, Атырау, Тараздағы жан түршігерлік оқиғалар тұнық суды лайқағысы келгендердің, еліміздің бейбіт өмірін көре алмаушылардың ісі. Өйткені шынайы дін өкілдері бұл қатыгездікке бармасы анық. Бұл дегеніміз дінді саяси құралға айналдыру. Дін арқылы бізді ыдырату
Ислам дінінің атын жамылып, адам өмірін қию бұл шынайы мұсылмандыққа жатпайды. Ислам дінінде өзіне қол жұмсау, адам өлтіру ең ауыр күнәға жатады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» делінген. Соңғы кездері ел тыныштығын бұзып, түрлі қауесеттер таратып, жарылыстар ұйымдастырып, адамдарға қару жұмсап, Алла атымен ұрандап өзін жанкешті, джиһадшы етіп көрсету бейбітшілік діні Ислам дінінде жоқ дүние. Бұл құбылыстар Исламды яғни мұсылмандарды құбыжық етіп көрсету болып табылады. Джиһад дегеніміз соғысу емес. Джиһад – бұл Алла пен адам арасындағы кедергілерді жоюды тырысу дегенді білдіреді. Ал шынайы Ислам діні тек қана жақсылыққа, бейбітшілікке шақырады. Ислам сөзі: «Бейбітшілік, Тыныштық, Саламаттық» деген мағыналарды білдіреді. Түсіністікке, өзара ынтымаққа ұмтылу, өзге дін өкілдері мен барлық ұлтттар мен ұлыстармен тіл табысып, тату тәтті өмір сүру, өркендеуі Ислам дінінің ерекшелігі десек болады. Жалпы Ислам - бүкіл адам баласына жіберілген ең соңғы дін, ақыл мен ғылым діні, теңдік діні, жеңілдік діні, бейбітшілік пен сүйіспеншілік діні, махаббат пен қайырымдылық діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.А.С) өз хадистерінде былай деген: «Бір-біріңді сүймейінше , нағыз мұсылман бола алмайсыз», «Қайырымды болғандарға, Алла Тағалада қайырымдылық жасайды». Ал Қ.А. Ясауи болса өз хикметінде былай деген:
Кетпесең дін сүннеттен безіп егер
Кектенбе кәпіргеде кезі келер
Жазасын Құдайдың өзі берер
Әрине тәуелсіздіктен кейін түрлі діни ағымдарды түсінбей төрімізге отырғызып алдық міне осылардың зардабын шегуіміздің себебі Ислам дінінің насихатталу деңгейінің төмендігі, діни сауатсыздық, біздің сол кездегі экономикалық әл ауқатымыздың төмендігі, теріс ағымдардың түрлі жан-ашырлық кейіппен танытқан қайырымдылық іс-шаралары, түрлі-түсті кітаптар тарату болып отыр. Тіпті ата- бабаларымыз ұстанып келген Ислам дінінің Әхли сунна уәл Жамаат (Имам Ағзам немесе Ханафи мәзһабы) жолынан алыстап кете жаздадық. Дәстүрлі емес діндер дәлірек айтсақ теріс бағыттағы ағымдар халқымыз үшін жат сенімдерді әр түрлі жолдармен жас ұрпақ санасына тықпалады әліде тықпалауда. Аталмыш ағымдардың әрекеттері ұлттық қауіпсіздігімізге қауіпті сипатқа ие. Бұл қоғамымызда орын алып жатқан жат көріністердің бір бөлігі деп айтсақ болады.
Ислам дінінің негізгі нысанасы адамзатты тамаша ахлақ иесі етіп, жетілдіру. Ислам діні бірлік пен ынтымақтастық, сүйіспеншілік пен бейбітшілік болып табылады. Құран Кәрім адамдардың Алланың кітабына бағынып таралып бөлінбей бірге өмір сүруі керектігін айтады. Діннің отарлау және саяси құрал ретінде қолданылмауы, қоғам тыныштығын бұзатындардан, террордан сақтану, ақыл мен ғылымның көрсеткен жолмен жүру керек.
Енді жалпы соңғы күндері терроризммен етене араласып айтылып жүрген «жиһад» терминіне тоқталар болсақ. Алдымен, «жиһад» сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді төгу, тырысу, күресу деген сияқты мағыналарды білдіреді. «Жиһад» ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар жиһадты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді.
Әрине, мұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде өткенімен төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Құранда соғыс ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитәл» терминдерімен білдірілген. Бірақ, жиһад сөзі соғысты да қамтығандықтан, көпшілік жиһад делінген кезде тікелей соғысты түсінеді.
«Жиһад» – адамның Алла Тағаланы тануына кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою. Жаратушы мен адамның арасындағы бөгеттерге сауатсыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер жатады. Ендеше, «Жиһад» деп осы бөгеттерді жою үшін жасалатын барлық іс-шара, күреске айтылмақ.
Алла ризалығы үшін істелген әрбір іс-қарекет «жиһад» саналады. Қандай да болсын қиын жағдайларға қарамастан күн сайын үздіксіз бес уақыт намаз оқу, кейде аптап ми қайнатар ыстықта ораза ұстау, Алла Тағаланы өзге жандарға түсіндіру үшін істелген әрбір іс, қоғамдағы
кейбір керітартпа келеңсіздіктерді түзету үшін атқарылған үлкенді-кішілі барлық шара исламдағы жиһад ұғымының аясына кіреді.
Жиһад – ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру. Қысқасы, нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күрес. Себебі, әуелі өз басын түзете алмаған адам, нәпсісін жеңіп, кәміл адам болу жолына түспеген жан өзгені қалай түзетіп, тура жолға қалай шақырмақ.
Сыртқы күрестен бұрын ішкі күресті қолға алудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Себебі, адам өзінде жоқ нәрсені басқаға қалай бермек? Пайғамбарымыз бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық» деген кезде, сахабалары: «Уа, Расулуллаһ, «үлкен жиһад» деген не?» – деп, таң қала сауал қойды. Пайғамбарымыз: «Ол – өз нәпсіңмен күрес», – деп жауап қайырды. Міне, көрдіңіз бе? Неге? Өйткені, нәпсімен күрес қолға қару алып дұшпаннан соғысқаннан да қиын. Олай дейтініміз, сыртқы дұшпанның кім екені, қайда екені, қашанға дейін болатындығы белгілі.
Сондықтан, онымен күресу оңай. Ал, нәпсің болса, олай емес. Ол сенің ішіңде. Қай жақтан, қалай келіп айласын асыратыны да белгісіз. Оның дұшпандығы белгілі бір уақытпен шектелмейді, әрдайым сенімен бірге. Міне, сондықтан Пайғамбарымыз сыртқы дұшпанмен күресті «кіші жиһадқа» жатқызса, нәпсімен күресті «үлкен жиһадқа» балаған.
Пайғамбарымыз басқа бір хадисінде: «Нағыз жиһад жасаушы кісі – өзінің нәпсісімен күресуші» деп, нәпсімен күрестің маңыздылығын тағы бір рет айшықтай түскен. Жиһад ұғымы адамға, қоғамға, жағдайға қарай түрленіп отырады. Бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, экономика маманының мұсылмандардың әлеуметтік жағдайларының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы – мұның бәрі жиһадқа жатады.
Мұсылмандардың керекті қаржыны тірнектеп жинап, өздеріне мешіт, медресе тұрғызуы; жоқ-жітіктерге көмектесіп, жетім-жесірлерге қарайласқан қалталы азаматтардың бұл істері де Хақ жолындағы күреске – жиһадқа жатады. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Жесірлер мен міскіндер үшін жұмыс істеуші кісі Алла жолында жиһад жасаушы адамға тең» дейді.
Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттермен Исламның ешқандай байланысы жоқ. Ислам сөзі «бейбітшілік, амандық-есендік» деген мағынаға саяды. Ислам діні – жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген Құдайлық соңғы дін. Міне, сондықтан, әр мұсылман, тіпті, сәлем бергеннің өзінде қал-жағдай сұрап емес, «бейбітшілік пен тыныштықты тілеп амандасады. Мұсылмандардың сәлемдесуде айтатын «әссәламу алейкум» сөзі «сендерге Алланың бейбітшілігі мен есендігі, тыныштығы болсын!» деген мағынаны білдіреді.
«Ислам», «сәлам», «мұсылман» сөздерінің барлығының түбірі бір. Яғни, бейбітшілік пен тыныштықтың мағынасын қамтитын сөздер. Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің отырып-тұруында, сәлемі мен сөйлеуінде, өзгелермен қарым-қатынасында, қысқасы, әрбір іс-әрекетінде іс жүзінде көрсетуші тұлға болмақ.
«Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең». Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Олай болса, қаншама бейкүнә адамның, періштедей бүлдіршін сәбилердің жанын қиған лаңкестік әрекеттер Исламға, Құранға, мұсылманшылыққа жата ма? Тіпті, адам өлтіру былай тұрсын, малды қорқытудың өзі Исламға теріс.
Сойылатын малдың көзінше пышағын қайраған сахабасына Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.а.у.) қатты кейіп: «Сен малды неше рет өлтірмексің? Пышағыңды малды жатқызбас бұрын қайрамадың ба?» деп ескерту жасаса, тағы бір хадисінде: «Қаруды қалжыңдап болса да өзгеге кезенбе!», – деп, адамды өлтіру былай тұрсын, өзгенің көңіліне аз да болса үрей салудың өзі исламға, шынайы мұсылманға жат әрекет екенін түсіндірген.
Беліне бомба байлап, өзгелердің жанын қию үшін өзіне де қол жұмсаған жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Шейіттік мәртебе бейкүнә жандарды өлтірумен келетін оп-оңай нәрсе емес.
Өзін-өзі өлтіру – исламда үлкен күнә. Құранда «Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар!» делінген.
Біз дінімізді қасиетті кітап Құраннан әрі оны түсіндіруші соңғы пайғамбар Мұхаммедтен (с.а.у.) үйренеміз. Ал енді осы мұсылманшылық қағидаларының қайнар көзі саналған Құран мен Пайғамбарымыздың өмірінде өзіне қол жұмсап, бейкүнә жандарды қыру бар ма? Тіпті, соғыс жағдайында да соғысқа қатыспаған адамдарды өлтіру – дінімізде харам саналып жатса, жай уақытта күнде құбылмалы саяси ойындар үшін жүздеген бейбіт жатқан күнәсіз жандардың жанын қиюдың қандай ауыр күнә екені айтпаса да түсінікті.
Қоғамның пайдасы үшін болса да исламда қандай да бір адамның құқы аяқасты етілмейді. Жалғыз ғана адамның құқы – жалпы қоғамның құқындай қымбат. Исламда мақсат қандай ұлы, таза болса, оған апаратын жолдар да сондай таза, ұлы болуы тиіс. Террорлық әрекеттер арқылы ешбір проблема қазірге дейін шешілмеген әрі бұдан кейін де шешілмейді. Барлық лаңкестік әрекеттер – ислам үшін жасалған күрес емес, керісінше, исламға қарсы қиянат.
Кейінгі кезде Ислам мен терроризмнің бірге айтылуы – тырнақ астынан кір іздейтін ислам дұшпандары үшін таптырмайтын олжа болды. Сондықтан, қандай қиын жағдайға душар болса да мұсылмандар исламның атына кір келтіретін лаңкестік әрекеттерден аулақ болуы керек. Себебі, белгілі бір жағдайлар, дағдарыстар мен саяси ойындар күнде өзгереді. Ал діннің ұстаным, ереже-қағидалары мәңгілік. Өтпелі жағдайлармен діннің атына кір келтіруге болмайды.
Демек жиһад ұғымын уағыз етіп айтатын адамдар өздерінің мақсатына қарай бұрып жеткізуі мүмкін. Естігендер оны теріс түсінеді. Яғни Жиһадты тек қана қару алып, адам өлтіру, қару алып, күш қолдану деген мағынада түсінеді. Құранда, Алла Тағала – «кәпірлерге, мұнафықтарға қарсы үлкен жиһад жаса, онымен»-деп тұр. Яғни «онымен» деп, Құранды айтып тұр.
Яғни, Исламға қарсы, мұсылмандыққа қарсы адамдарға Құран арқылы ақиқатты үйрет, оларды исламға мойындат деп тұр. Нақтырақ айтқанда, Құран арқылы, мұнафықтар мен кәпірлердің көзін ақиқатқа жеткізу. Олардың жолы дұрыс емес екенін, Құран арқылы дәлелдеп беру. Жиһад дегенміз осы.
Жиһад атауының тағы бір мәні бар. Құранда бұны: «Олар мал-мүлкімен және жан-тәнімен жиһад жасайды» дейді. Мал-мүлкімен жасаған Жиһад қалай болады?!
Егерде сіз, өз қажеттілігіңізден артылып жататын болса, мал-мүлкіңізді қайырымды істерге жұмсайсыз. Ертең өзіңізге, ақіретте азық болып қарсы алады. Жетімдерге жаратасыз. Жағдайы төмен отбасыларға жаратасыз. Мүгедектерге бересіз. Мектеп соғасыз. Міне Жиһад деген осы.
Қазір жиһад сөзінің мән-мағынасын исламға дұшпан адамдар өзгертіп алған. Олар теріс пәтуа беріп отыр. Сондықтан адасқан ағымдар, Қазақстанда жайлап соғысты бастай берсеңдер болады деген тәрізді үгіттер жүргізуде. Бұндай пікірлер кәдімгідей интернет сайттарда жүр. Бірнеше бұрын басталған болатын. Соңғы уақытта іске аса бастағаны жақыслық емес.
Біріншіден бұлар Құқық қорғау органдарына қарсы. Оларға солай деп, пәтуа айтылған. Көрдіңіз бе, осы пәтуадан кейін, көп оқиғалар болып жатқан сияқты. Ақтөбедегі, Тараздағы, Балқаштағы оқиға. Қарап отырсаңыз барлығы бір тізбекбен жасалып жатыр. Барлығы құқық қорғау органдары қызметкерлері мен мекемесіне қарсы. Бұлар шет жақтан басқарылады. Әбден санасын улап тастаған.
Бұлардың мақсаты – қазақ қоғамының бейбіт өмірін бүлдіру. Өйткені, мамыражай тыныштық шайтанның мүддесіне сай емес. Қазақ қоғамының алға қарай жылжуы, дамуы, осындай ауыз біршілігі оларға зиян. Олар оны керек етіп отырған жоқ. Қазақты ішінен ыдырау керек. Қазақ ішінен бөлініп, тағы бір сыртқы жаудың етегіне жармасып, біреудің қол астына кіру керек. Қазақ осылай тұтынушы ел болып қала беруі керек. Мақсат осы.
Қазіргі таңда қандай бір бүліншіліктен сақ болмайынша, тұрақты қоғам құра алмаймыз. Әрбір қазақ азаматы осыны толық түсінгені жөн. Әйтпесе, шаңырағы шайқалған қауымды ешкім де сыйлап жарытпайды. Елдегі тыныштық басқаларды былай қойғанда қазақтың өзі үшін аса қажет.
Алау Әділбаев,
дінтанушы - Оңтүстік Қазақстан облысы