Бүгін БҚО-да ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Мерекелік жиында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған құттықтау хаты оқылды.
Үкімет басшысы БҚО агросекторының оң өзгерістері мен жетістіктерін атап өтіп, сала қызметкерлеріне ел дамуына қосқан елеулі үлестері үшін ризашылығын білдірді.
Шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, сала ардагерлері мен мамандарын құттықтады.
Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасындағы маңызы зор екенін атап өтіп, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыру жолында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі ерекше екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ауылдың әлеуетін арттыру, аграрлық саланы жаңа даму кезеңіне шығару, ауылдағы өмір сапасын жақсарту — ел дамуының басты басымдықтарының бірі екенін ерекше атады.Шын мәнінде, ауыл шаруашылығы — халқымыздың әл-ауқатына тікелей ықпал ететін, экономиканың тұрақтылығын айқындайтын стратегиялық сала.Бүгінгі жетістіктер — сіздердің маңдай терлеріңіз бен ерен еңбектеріңіздің нәтижесі. Аграрлық сектордың табысты дамуы, жаңа көрсеткіштерге қол жеткізу — дала төсін дүбірге бөлеген шаруалардың қажырлы қызметінің жемісі, — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Шара барысында ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар азаматтар «Құрмет» орденімен, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР премьер-министрінің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградаларымен және түрлі номинациялармен марапатталды.
Жалпы, БҚО-да агросекторы саласы биыл айтарлықтай өсім көрсетті.
Ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы көлемі 56,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есе артты.
2025 жылдың тоғыз айында өңірде 240 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді.
Егіс алқабы ұлғайып, жоғары маржиналды дақылдарға сұраныс артты. Биыл диқандар 638 мың гектарға дән сеуіп, 365 мың тонна астық пен 104 мың тонна майлы дақыл жинады.
Әсіресе ноқат, жасымық пен майлы дақылдардың көлемі көбейген. Мал шаруашылығында да оң динамика байқалады.
Ірі қара мен жылқы басы артқан. 73 мың тонна ет, 182 мың тонна сүт өндірілді. Қазіргі таңда облыста 54 жаңа агрожоба іске асырылуда.