Атырау облысында «Таза Мақат» мекемесі ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында Мақатта «Таза Мақат» атты коммуналдық мемлекеттік мекеменің ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Фото: Атырау облысының коммуникациялар қызметі

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жанындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Таза Мақат» КММ биыл маусымда құрылған болатын.

Мекеменің теңгеріміне облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, 17 бірлік арнаулы техника сатып алынды.

Жаңа кәсіпорынның құрылуы аудандағы санитариялық тазалықты жүйелі түрде қамтамасыз етіп, экологиялық мәдениетті арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шараға аудан әкімі Азамат Мәмбетов қатысып, жаңа мекеменің ұжымын құттықтады. Ол ауданның көркеюі мен тазалығын сақтау, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында бұл бастаманың маңызы зор екенін атап өтті.