БҚО-да автомобиль көлігі мен жол саласының мамандары марапатталды

БҚО-да автомобиль көлігі қызметкерлері және автожол саласы жұмыскерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Өңір басшысы өз сөзінде сала мамандарының күнделікті қажырлы еңбегі — ел экономикасының дамуына, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті:

«Биылғы 2025 жыл елімізде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Жұмысшылар жылы» деп жарияланды. Бұл шешім — қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру, олардың еңбегін лайықты бағалау мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Осы орайда көлік саласының қызметкерлері — ел экономикасының тірегі, еңбек адамының айқын үлгісі», — деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Батыс Қазақстан облысында автомобиль жолдарын жаңғырту және көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда.

2023-2024 жылдары облыста «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы мен «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында барлық деңгейдегі 1000 шақырымнан астам жол жөндеуден өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс орталығы мен оңтүстік аудандар — Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы бағытындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Жалпы ұзындығы 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізілді. Ал биыл — 2025 жылы облыс аумағында ұзындығы 485,2 шақырым жолды жөндеу жоспарланған болатын.

Бүгінгі күнге дейін сол жоспардың басым бөлігі — 379 шақырым жол жөнделді. 2024 жылдан бастап республикалық маңызы бар «Хан Ордасы» мұражай-қорығына апаратын негізгі жол — ұзындығы 21 шақырым болатын «Хан Орда ауылына кіреберіс» жолы орташа жөнделуде.

Қазіргі таңда өңірде бірқатар маңызды жол жобалары іске асырылып жатыр. Атап айтқанда: «Чапай-Жангала-Сайхын», Барбастау-Ақжайық-Индер, «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты», «Орал-Федоров-РФ шекарасы» автомобиль «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» бағыттарындағы жолдар бойынша жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Жиын барысында сала ардагерлері мен сала үздіктеріне наградалар, сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

В статье: