БҚО-да 2024 жылдан бері «Қаладан ауылға» атты кешенді бағдарламасы жүзеге асуда.
Бұл жоба Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған стратегиялық міндеттермен үндесіп отырған нақты қадамның бірі.
Бағдарламаның басты мақсаты — ауыл өміріне жаңа серпін беріп, қала мен дала арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайту.
Жоба аясында ауылға көшіп барған азаматтарға жеңілдетілген несие, жер телімдері, баспана беріліп, кәсіп ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Ауылға барған жас кәсіпкерлер өз ісін өркендетіп қана қоймай, тұтас бір өңірдің әлеуетін арттыруға мүмкіндік алады.
Жоба басталғалы облыс ауылдарына 149 отбасы, 712 адам көшіп келді. Бәрі де баспанамен толық қамтылды. Ауылға қоныстанғандардың Орал қаласынан бөлек, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Қостанай облыстарынан келіп, Батыс Қазақстан облысының ауылдарынан қоныс тапқан отбасылар да бар.
Бүгінге дейін 161 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 8 азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашты.
Мысалы, Сырым ауданына қарасты Көгеріс ауылына қоныс аударған Абзал Мұқатов шағын дүкен ашып, жұмысын жолға қойды.
Ал Ақжайық ауданындағы Тінәлі ауылына көшіп барған көпбалалы ана Әсел Жақсыбаева шамамен 1,5 млн теңге көлемінде грантқа ие болып, симментал тұқымды ірі қара сатып алды.
Бүгінде ол ауылда сүт шаруашылығын дамытып жатыр. Сондай-ақ Бәйтерек ауданының Бейбітшілік ауылдық округінде тұратын Анна Скворцова 2024 жылы 1,45 млн теңге қайтарымсыз грант алып, мал шаруашылығын өркендетуде.
Өз кәсібін құрып, жемісін көріп отырғандардың арасында Қаратөбе ауданының Шалғын ауылына көшіп барған Мұхамбедияровтар отбасы да бар. Отағасы Бейбіт Маратұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9,2 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, қой шаруашылығын қолға алды.
Қазіргі таңда қорадағы мал саны жүзге жуықтап, алғашқы табыс та түсе бастады. Ал зайыбы Жанар Османқызы ауыл мектебінде ұстаздық етіп, балаларға білім беруде.
Жеті балалы отбасы үшін бұл бағдарлама жаңа өмірдің бастауына айналды.
«Қаладан ауылға» бағдарламасы біздің өмірімізді түбегейлі өзгертті. Бүгінде ауылда өз кәсібімізді жолға қойдық. Қазір ауылға қоныс аударғысы келетін әр отбасы үшін барлық мүмкіндік жасалып отыр, — дейді Бейбіт.
«Қаладан ауылға» бағдарламасының нәтижесінде ауылдардағы ең өзекті түйткілдің бірі — мектептердің жабылып қалу қаупі де сейілді.
Бүгінде жаңа қоныстанушылардың балаларының есебінен 13 ауыл мектебі қайта жанданып, жұмысын жалғастыруда. Соның ішінде бесеуі — шекарадағы елді мекендердің білім ордалары.
Бағдарлама аясында әсіресе білім мен медицина саласына барған жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы қызметке ие болды, жастарға жаңа мүмкіндік ашылды.
Кейінгі екі жарым жылда өңірде 24 жаңа білім ордасы ашылды. Оның ішінде 22 мектептің ауылдық жерлерде салынуы — ауыл жастарына жасалған қолдау. Бұдан бөлек, облыстағы барлық аудан орталықтары спорт кешендерімен толық қамтылды.
Айта кетерлігі, соңғы бір жыл ішінде ауылдардың өзінде ғана 14 жаңа спорт нысаны бой көтеріп жатыр.
«Жаңа бағдарламаға сәйкес ауылға қоныстанған әр отбасына мемлекет тарапынан нақты көмек көрсетіледі. Мәселен, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша кейінгі үш жылда облыста 1 450 жас маман жұмысқа орналасты. Олардың сәбилері болса, мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылып, 1–4 сыныпта оқитын балаларына ыстық тамақ тегін беріледі. Медицина, фармацевтика саласы қызметкерлеріне бұрын 5 млн теңгеге дейін біржолғы қаржылай көмек көрсетіп келсек, 2024 жылдың аяғынан бастап бұл қаражаттың көлемі 8,5 млн теңгеге дейін көбейді», — дейді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы.
Бағдарлама аясында «Ауылда кәсіп бастаймын» деген бастамашыл жастарға да ерекше қолдау қарастырылған. Жаңа бизнес-жобаларды іске асыру үшін мемлекет 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант ұсынып отыр.
Бұған қоса, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ мал өнімдерінің сапасы мен өнімділігін көтеруге бағытталған бастамаларға субсидия бөлінуде.
«Қаладан ауылға» бағдарламасы урбанизация қарқынын баяулатып қана қоймайды, сонымен қатар ауылды заманауи өмірге бейімдейді. Қалаға қарай ағылған халық енді туған жеріне оралса, ауыл да түлейді, қала да жеңілдейді», — дейді Н. Төреғалиев.