Әйелін қатыгездікпен өлтірді деп айып тағылған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы Уәлихан Бишімбаев пен Альмира Бишімбаева ресейлік блогер Наталья Грэйске сұхбат берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бишімбаевтың ата-анасы ұлының жақсы жақтарын айтып, Салтанат Нүкеновамен бас қосқаннан кейін ішімдікке салынғанын да атап өтті.
«Біздің әулетіміз үлкен еді. Дастархан басына 12 шақты адам отыратын. Бір-бірімен ешкім төбелеспейтін, ұрсыспайтын. Мұны жүрегіме қолымды қойып айта аламын. Қуандық махабатқа бөленіп өсті. Мен ұзақ уақыт бойы бала көтере алмадым. Оның дүниеге келгенін бүтін бір әулет күтті десем болады. Сол кезде қуанышымыз қойныма сыймай, «Қуандық» деп есімін қойдық. Қамқорлық пен махабатқа толы қарым-қатынаста өсті», - дейді Альмира Бишімбаева.
Альмира Бишімбаева ұлының қасақана адам өлтірмегенін айтып, оған ешқандай себеп жоқ дейді.
Ол өте мейірімді адам. Ол қасақана жауыздықпен адам өлтіре алмайды, - дейді Альмира Бишімбаева.
Ал Уәлихан Бишімбаев ұлы Қуандық Бишімбаев жар таңдауда қателескен деп есептейді.
«Алғашында Қуандықтың жүзінде қуаныш пайда болып, бақытты болып жүрді. Кейін қателескенін түсінді. Қазақта «Жақсы әйел - жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркектің басын көрге сүйрейді», - деген сөз бар. Олар үйленген соң ғана бір-бірін тани бастады. Біздің отбасында ешкімге қол көтерген емеспін. Ұрыс-керіс болатын. Бірақ ешкімге қол көтеріп, ұрған емеспін. Мен «Салтанатқа бір-біріңді жақсы көріп, әрі қарай тұра алмасаңдар, ажырасыңдар» деп айттым. Ол «Мен ақымақпын ба? Менің пәтерім бар, асырайтын күйеуім бар, мейрамханам бар» деп жауап бергенде таңғалдым. Сонда отбасылық бақыт қайда?» - дейді Уалихан Бишімбаев.
Қуандық Бишімбаевтың қарындасына белгісіз біреулер хабарласып, бопсалаған. Бишімбаевты қорғаудан бас тартпаса оны өлтіретінін айтып қорқытқан.