Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Электронды қызмет күні» және «Сапалы қызмет – сапалы өмір» атты meet-up кездесу өтті. Қызылорда облысының цифрлық технологиялар басқармасы және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен тұрғындар арасында электрондық қызметтер алудың ыңғайлылығы мен қолжетімділігін кеңінен насихаттауды мақсат еткен шараға 250 жуық аудан тұрғындары қамтылды.
Кездесудің мақсаты мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуды үйрету, мобильдік құрылғы арқылы электронды-цифрлық қолтаңба беру, аудандық білім, жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ, ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімдерімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша консультациялық кеңестер беру болып табылады.
Кездесуді Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы А. Абдуллаев ашып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі белсенді жағдайға көшуді көздейтін, электрондық және мобильдік үкімет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру, яғни мемлекет тарабынан көрсетілетін қызметтерді электронды форматқа көшіру болып табылатынын айтып өтті.
Кездесуге кент тұрғындары, мектептің жоғарғы сынып оқушылары, мұғалімдер қатысып, Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлері арқылы 160 жуық электронды цифрлы қолтаңба алынып, egov mobile қосымшасын жүктеп жұмыс жасауды үйренді. Қатысушыларға электронды үкімет порталының тиімділігі туралы және смартфон арқылы мемлекеттік қызмет алу қағидалары түсіндірілді.